АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІ
ВЫСШИЙ МНОГОПРОФИЛЬНЫЙ КОЛЛЕДЖ ГРАЖДАНСКОЙ ЗАЩИТЫ

10220100 - «Еңбекті қорғау және технологиялық процестердің қауіпсіздігі» мамандығы

Мамандық туралы:

            «АҚЖКК» мекемесінің бастамасымен, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтары мен біліктіліктерінің жіктеуішіне «10220100 - Еңбекті қорғау және технологиялық үдерістердің қауіпсіздігі» мамандығын енгізу жөнінде толықтырулар енгізілді. Осы мамандық бойынша негізгі орта білім (9 сынып) базасында – оқу мерзімі 4 жыл, жалпы орта білім (11 сынып) базасында – 3 жыл. Бітірушілерге орта буын маманы біліктілігі – 4S10220101 «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техник» беріледі. 

           Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша оқыту кезінде түлекке «5AB10220101 – Еңбекті қорғау және технологиялық процестердің қауіпсіздігі қолданбалы бакалавры» біліктілігі беріледі. Оқу мерзімі: жалпы орта білім (11 сынып) базасында – 3 жыл, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын орта буын маманы біліктілігімен аяқтағандар үшін – 1 жыл.  

            Бұл мамандық өндірістегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласында білікті мамандар даярлауға арналған. Олар өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шараларды ұйымдастырып, барлық саладағы ұйымдар мен өнеркәсіп орындарында еңбекті қорғауды басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ете алады.  

            Еңбекті қорғау және технологиялық үдерістердің қауіпсіздігі өндірістік үдерістердің үздіксіз әрі қауіпсіз жүргізілуін, қызметкерлерді еңбек қызметінің зиянды және қауіпті факторларынан қорғауды көздейтін кешенді шараларды қамтиды. Бұл міндеттерді технологиялық үдерістердің ерекшеліктерін, машиналар мен механизмдердің жұмыс қағидаларын, кәсіпорын қызметінің экономикалық аспектілерін, халықты әлеуметтік қорғаудың құқықтық негіздерін және басқа да бағыттарды меңгерген мамандар ғана орындай алады.  Сонымен қатар, бұл санаттағы мамандарға жұмылдыру жұмыстары, азаматтық қорғаныс және нысанда терроризмге қарсы іс-шараларды қамтамасыз ету міндеттері де жүктеледі.

            Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету нормалары Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтары мен еңбек заңнамасы деңгейінде бекітілген. Ол қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын өндірістік қызмет нәтижесінен жоғары қою қағидатымен айқындалады. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы №414-V Еңбек кодексінің 202-бабына сәйкес, өндірістік қызметпен айналысатын және қызметкерлер саны елу адамнан асатын ұйымдарда жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметін құруға міндетті. Қазақстан Республикасы аумағында мұндай кәсіпорындар мен ұйымдардың саны шамамен 20 000-ға жуық, бұл аталған мамандық түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге елеулі ықпал етеді.

            Еңбекті қорғау қызметтері кез келген кәсіпорынның негізгі өндірістік қызметтерімен тең дәрежеде қарастырылады. 

            Өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметкерлерді қолайсыз факторлардан қорғау жұмыстарын ұйымдастыру – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған аса ізгі миссия болып табылады.

Біліктілігі: еңбекті қорғау және технологиялық процестердің қауіпсіздігі қолданбалы бакалавры

Мамандандырудың кәсіптік модульдері:

- Еңбекті қорғауды басқару жүйесінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша ұйымның құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру

- Еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстарды жоспарлау

- Кәсіби тәуекелдерді басқару

- Еңбекті қорғауды басқару міндеттерін іске асыру кезінде қызметкерлерді оқытуды, олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және білімдерін бағалау

- Өндірістік бақылауды жүргізу

- Қызметкерлердің кәсіби денсаулығының жай-күйіне жедел бақылау жүргізу

- Қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша қоғамдық бақылауды ұйымдастыру

- Қызметкерлердің денсаулығына зиян келтіруге байланысты оқиғаларды тергеп-тексеруді ұйымдастыру және олардың түпкі себептерін анықтау

            Кәсіби модульдерді меңгеру барысында түлектер өнеркәсіптің түрлі салаларындағы кәсіпорындарға тән еңбек жағдайлары бойынша қажетті құзыреттерді игереді, басым кәсіби тәуекелдерді және олардың экономикалық нысан қызметкерлеріне әсер ету деңгейін анықтайды, өндірістік орта факторларының зияндылығы мен қауіптілігінің негізгі көрсеткіштері бойынша еңбек жағдайларын жіктейді, әлеуметтік серіктестердің бірлескен жұмысын, оның ішінде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде ұйымдастырады.  

            Қызмет саласы: Әртүрлі қызмет салаларындағы ұйымдардың (білім беру, медицина, сауда және қоғамдық тамақтану нысандары, адамдар көп жиналатын орындар) және өнеркәсіп салаларының (құрылыс, машина жасау, мұнай-химия, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және т.б.) еңбек және өндірістік үдерістер қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

            Оқу түрі: күндізгі.

            Оқыту тілдері: қазақ, орыс.