2018 жылдың 19 сәуір күні облыстық кітапханада жазушы, ақын, журналист, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Есенгелді Сүйіновтың 60 жасқа толуына орай «Көкшетауым – сағынышым» атты кездесу кеші өтті. Іс-шара мақсаты: ақын, журналист Есенгелді Сүйіновтың 60 жасқа толу мерейтойын лайықты деңгейде атап өту. Айыртау ауданында туған ақын ұлдың өмірі мен шығармашылығын, елеулі еңбек жолын облыс орталығы жұршылығына насихаттау. Сол арқылы көпшіліктің көркем әдебиетке, поэзияға деген қызығушылығын арттыру, эстетикалық талғамдарын қалыптастыру. Халықтың мәдени ошақтарға келуіне жағдай жасау, жастарды шығармашылық жолға шақыру болып табылады. Кешке ақын ағамызды қолдап ақын Серік Тұрғынбек, Тортай Садуақасов сынды ағаларымыз келіп Көкше өңірінде Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының құрметті қонағы болды. ҚР еңбек сіңірген әртісі, Арқаның ақмаралы атанған әнші Ғазиза Жұмекенова, Арқа өңірінің сал серілерінің жалғасы болып келе жатқан Иран-сал Тасқара әндерін кешке тарту етті. Сонымен қатар, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Жанат Есов Есенгелді Сүйіновтың жары, ақын Марфуға Бектемірованың сөзіне жазылған «Аққуым менің қайдасың?» атты әнін шырқап, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің өнерлі студенттері кеш иесінің өлең жолдарын мәнерлеп оқыды. Кешке қатысқан зиялы қауым өкілдері Есенгелді Сүйіновке арнаған лебіз, тілектерін білдіре отырды. Ақын ұйымдастырушыларға, кештің өтуіне қолдау жасаған Ақмола облыстық әкімшілігіне, Ақмола облыстық мәдениет басқармасына алғысын білдіре отырып, оқырман қауымға өз өлең жолдарын арнады. Аталаған іс шараға Азаматтық қорғаныс жоғарғы көпсалалы колледждің ТЖ-11Б мен МДО-21 тобы белсене қатысты.
Усина С.С.