Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны финалының негізгі шарттарын жариялады. Көпсатылы іріктеу нәтижесінде анықталатын еліміздің «Үздік 10 оқырманы» бас жүлде – әрқайсысы 10 миллион теңгеден алады. Бұл атаққа жету жолы 7 бағыт бойынша тіркелуден, жарты жыл бойы кітап оқудан, командалық аймақтық жарыстардан және жеке сынақтардан тұрады.
Аймақтық кезеңде 1, 2 және 3-орын алған қатысушылар жекелей форматта өз бақтарын сынауды жалғастырып, «Жыл оқырманы» құрметті атағына үміткер болу құқығына ие болады.
Бұл кезеңде қатысушыларға күрделірек конкурстық тапсырмаларды орындау қажет: эссе дайындап, оқыған кітаптары бойынша сарапшылар алқасының алдында көпшілікке арналған презентация ұсынуы тиіс.
Еліміздің барлық 20 өңірінен іріктелген үздік оқырмандар – барлығы 200 финалист Астана қаласында өтетін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық финалына қатысады. Финал аясында қатысушылар тестілеуден өтіп, бірқатар арнайы конкурстық кезеңдерге қатысады және республикалық деңгейдегі қазылар алқасының алдында көпшілік алдында сөз сөйлейді.
Финалдық сынақтардың қорытындысы бойынша республиканың ТОП-10 үздік оқырманы анықталады. Он жеңімпаздың әрқайсысына марафонның бас жүлдесі – 10 миллион теңге табысталады.


