Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде студенттер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерімен профилактикалық әңгіме өткізілді.
Кездесуді Көкшетау қаласы ПБ ҚҚБ ЮПБ аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Садвакасова Ботагөз Болатханқызы өткізді.
Әңгіме барысында білім алушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттер жасаған жағдайда туындайтын жауапкершілік туралы түсіндірілді. Сонымен қатар жастардың интернет желісін қауіпсіз пайдалануы, әлеуметтік желілердегі мінез-құлық мәдениеті және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы туралы айтылды.
Полиция майоры Ботагөз Болатханқызы студенттердің сұрақтарына жауап беріп, құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін әрбір жас өз әрекетінің салдарын алдын ала бағалап, заң талаптарын сақтауы қажеттігін атап өтті.
Осындай профилактикалық кездесулер студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың құқықтары мен міндеттерін білуіне, заңға құрметпен қарауына және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Колледжде білім алушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.


