2026 жылғы 10 наурызда АҚЖКК Азаматтық қорғаныс кафедрасында «Адал азамат. Адал еңбек» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында және «Заң және тәртіп» айлығы шеңберінде ӨҚ-21С тобының білім алушыларымен «Буллингтің алдын алу және психологиялық қорғану» тақырыбында тренинг және түсіндіру әңгімесі өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылар арасында өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру, буллингтің алдын алу, сондай-ақ жастардың психологиялық қорғану дағдыларын дамыту болды.
Тренингті педагог-психолог Косатова А.Ф. ұйымдастырып, білім алушыларға буллинг ұғымының мәнін, оның түрлерін және адамның психологиялық жағдайына тигізетін кері әсерін түсіндірді. Студенттер түрлі психологиялық жаттығуларға қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар бір-бірін құрметтеу, қолдау көрсету және қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау туралы пікір алмасты.
Іс-шараға құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі инспектор Кошкенова А.О. қатысып, тақырыпты кеңінен ашып, білім алушыларға буллингтің алдын алу, құқықбұзушылыққа жол бермеу және заң талаптарын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол жастарды тәртіпті сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға және кез келген келеңсіз жағдайға бейжай қарамауға шақырды.
Тренинг барысында білім алушылар өз ойларын ашық айтып, өзара сыйластық пен қолдаудың маңыздылығын түсінді. Осындай тәрбиелік іс-шаралар білім алушылардың тұлғалық дамуына, жауапкершілігінің артуына және білім беру ортасында жағымды психологиялық ахуалдың қалыптасуына ықпал етеді.


