Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде жаңа №2 Студенттік жатақхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл айтулы оқиға колледждің дамуына, оқу үдерісінің сапасын арттыруға және білім алушылардың жайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.
Ашылу салтанатына Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы Балташева Айнагуль Кыдырбаевна, «Нурбанк» АҚ өкілдері және колледждің әлеуметтік серіктестері қатысты. Колледж президенті Білім басқармасының басшысымен бірлесе отырып, жаңа жатақхананың ресми түрде ашылғанын жариялап, символдық лентаны қиды.
Жаңа жатақхана - заманауи талаптарға сай, 436 орынға арналған бес қабатты ғимарат. Әр бөлме ас үймен, душпен, санитарлық тораппен, қажетті жиһазбен, электр плитасымен және тоңазытқышпен жабдықталған. Ғимаратта кір жуатын бөлме, тәрбиеші бөлмесі, изолятор, күзет, комендант қызметі және бейнебақылау жүйесі бар. Сонымен қатар, жатақхана аумағында спортпен айналысуға арналған футбол алаңы, баскетбол алаңы және жабық спорт залы бар.
Бұл іс-шара колледж ұжымы үшін ерекше маңызға ие, себебі жаңа жатақхананың ашылуы білім алушылардың тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, студенттік инфрақұрылымды дамытуға маңызды серпін берді. Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжі әрдайым өзін дамытуға және әрбір білім алушы өзін жайлы, қауіпсіз сезініп, болашағына нық сеніммен қарай алатындай заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға ұмтылады.


