2025 жылғы 29 қыркүйекте Астана қаласында, Достық үйінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қазақстандық этносаралық толеранттылық моделін дамыту тәжірибесі мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының ұйымдастыруымен өтті. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған.
Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов өз баяндамасында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Мемлекет басшысы Қ-Ж.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге ерекше тоқталды.
Конференцияға қатысушылардың қатарында Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шайхина Гульжанар Жаксылыковна болды. Ол «Жастар ортасында бірлік пен этносаралық келісімді нығайту: колледж тәжірибесі» тақырыбындағы баяндамасында білім алушыларды толеранттылық пен өзара құрмет құндылықтары негізінде тәрбиелеу бойынша оқу орнының тәжірибесімен және нақты жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.