Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.А.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясының шеңберінде 2014 жылдан бері «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» «Серпін» әлеуметтік жобасы жұмыс жасайды.
2017-2018 оқу жылы Азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжіне «Серпін» жобасы бойынша 20 мемлекеттік грант бөлінген болатын.
Үстіміздегі жылдың қазан айының 11-і күні ҚР Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ұлттық жобалар басқармасының бастығы Күлзия Тобатаева оқу ордасына бас сұғып, жоба бойынша білім алушылардың жалпы жағдайымен, колледждің материалдық-техникалық базасымен танысты. №1 оқу ғимаратынан бастау алған жұмыс барысында алдымен колледждің тынысымен толық қанығу үшін әкімшілік-басқару жүйесі мамандарымен шағын кеңес өткізілді. Колледж директоры Аскербек Тюлебаев болашақ жоспарлар мен алға қойылған мақсаттарды сөз етті. Төтенше жағдайда қорғау және өрт қауіпсіздігі мамандарын даярлауға арналған кешенді толық көрсету үшін жұмыс бағыты №2 оқу ғимаратына ауысты. Ғимаратқа кірген есіктен бастап жасыл желекке орынған жарық фойе, арнайы жабдықталған оқу кабинеттері, бай кітапхана қоры, оқу-тәрбие жұмысын өткізуге арналған бөлмелер, салтанат залы білім алушыларға бар жағдайдың жасалғандығын көрсетті. Оқу ғимараты аумағында орналасқан көпфункционалды оқу-жаттығу кешеніндегі оқу өрт сөндіру бөлімінің барлық қондырғылармен жабдықталған бөлмелері, бай материалдық қоймасы, жылу-түтін камерасы құрылғылары азаматтық қорғаныс саласында құтқарушы мамандарды дайындаудағы колледждің Республикамызда аналогының жоқ екендігін тағы бір рет дәлелдеді.
Көпфункционалды оқу-жаттығу кешенінде 2 курс студенттерімен өткізілген практикалық сабақта өрт-сөндіру құтқару дағдылары мен зардап шегушінің эвакуациялау жаттығуы көрсетілді.
Материалдық-техникалық базамен толық танысудан кейін «Серпін» жобасы «Төтенше жағдайда қорғау» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттермен пікірлесу ашық алаңы өтті. Жиында жобаның әлеуметтік маңызы мен мүмкіндіктері сөз болды. Пікірлесу алаңына арнайы қатысқан колледждің вице-президенті Валерий Кривошеев колледждің спорт саласындағы жетістіктерін тілге тиек етіп, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды.
Күлзия Қадырқызының колледждің тыныс-тіршілігімен танысуға арналған жұмыс сапары күндіз түні білім алушылардың тәрбиесімен айналысатын тәрбиешілер қарауындағы қонақ үй стиліндегі жарық та жылы бөлмелер, кең дәліз бен конференция залдары, барлық құрылғылармен жабдықталған ас үйі бар ұлдар жатақханасына жасалған шағын экскурсиямен жалғасын тапты.