«Шаңырақ» әлеуметтік психологиялық зерттеу орталығы ұйымдастыруымен колледж қабырғасында қыркүйек айының жиырма екісі күні «Әженің ыстық алақаны» атты диалогтық алаңша өткізілді. Колледж бен «Шаңырақ» қоғамдық клубының іс-шарыны өткізудегі басты мақсаты қазіргі таңдағы қыз балалардың тәрбиесі мен қоғам алдындағы болашақ ана ретіндегі рөлін ұғындыру болатын. Диалог көпті көрген, өмірден түйгені бар, әр түрлі салада жетістікке жеткен, данагөй аналарымыздың ізін жалғастырушы әжелеріміз Ассамблея жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызы, мұсылман әйелдер қоғамының мүшесі Шолпан Мұсылмамбекқызы, үздік қолөнершебері Кенжебай Смағұл апалардың қатысуымен өтті.
Колледждің қыздары мен ұстаздарының алдында алғаш сөз алған «Шаңырақ» әлеуметтік психологиялық зерттеу орталығының директоры Ракушев Берик Ұзақбайұлы қазіргі жастардың арасында белең алып отырған, әсіресе қыз балалардың отбасында аналар тарапынан болашақ келін ретінде дайындалмауы салдарынан босаға аттағаннан кейін зардабын тартып жататына тоқталып, қыздың тәрбиесіндегі ананың, әженің рөлін кең баяндады. Іс-шара қонақтарына сөз бермес бұрын жанұядағы келін мен ененің қарым-қатынасының кемшілігінің көбінде келінге байланысты бұзылатынын кең түсіндіретін бейнеролик көрсетілді. Көрген оқиғаның әсерлі, әрі өтімді болғаны соншалықты, көрермендердің көпшілігі көздеріндегі жастарын жасыра алмады, кейіпкерлерге шын жандары ашыды.
Отбасы құндылығы тақырыбында сөз алған Зере Еспайқызы аналар кеңесі жұмысына тоқталып өтіп, қазіргі таңда шаңырақ көтеріп жатқан жастардың отбасылық қалыптасқан дәстүрлерге мән бермеу салдарынан ертеден келе жатқан қазақ жанұясындағы немерені ата мен әже тәрбиесіне беру, ата-әжемен бірге тұру сияқты құндылықтардың қалып бара жатқандығын баса айтты. Бүкіл қазақ халқына асқан ақылдылығымен, даналығымен әйгілі, кейінгі ұрпаққа адал жар, аяулы ана, ардақты әже үлгісін мұра етіп қалдарған Абайдың әжесі Зере, Шоқанның әжесі Айғаным болашақ ана, кейінгі асыл әже болатын қазіргі жас қыздардың бет түзер шолпан жұлдызына айналулары қежет деді. Ал қазіргі таңда өз бейнесімен, сөйлеген сөзімен қыз балаларға, жас келіндер мен аналарға үлгі боларлықтай Шолпан Мұсылмамбекқызы өз өмірінің өнегелі тұстарын айта келіп, өз балаңның ғана емес елдің анасына айналу үшін, ең алдымен қыз балалар көргені мен түйгені көп, шаңырақтың берекесі мен ұйытқысы асыл әжелеріміздің тәрбие мектебінен өтулері керектігіне тоқталды. Қазақи салт-дәстүрге қанық, қаймағы бұзылмаған ұлтымыздың қол өнер бұйымдарының қас шебері, насихаттаушы жаршысы Кенжебай Смағұл әжеміз жетпісті жетелеген жасына қарамай, өз бойындағы өнерін жастаға үйреткісі келетінін айтып, қазақ қоғамы мен барша әлеуметті алаңдатып отырған қыз балалардың жүгінсіздік жетегіне еріп, батыстың бассыз іс-әрекеттерін көшіріп, қазақ қызы атына кір келіп отырғандығына алаңдайтынын жеткізді.
Берік Ұзақбайұлы сөз соңында әр бір қыз табылдырық аттап келін болып түскен күннен бастап жарымның анасы менің анам, әкесі менің әкем, отбасы енді менің отбасым деп кірсе ғана үндестік орнап бақытты ғұмыр кеше алады.Ананы ардақтаған, сыйлаған адам ғана мұратына жетеді деді.
Іс-шара диалог түрінде өрбігендіктен қатысушы қыздар мен қонақ әжелеріміздің арасында пікір алмасулар, тілектер мен сұрақтар көптеп қойылды. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі отрынбасары Раушан Зайнулкабиденқызы келген қонақтар мен «Шаңырақ» қоғамдық қорының директорына алғысын білдіру арқылы іс-шара нүктесін қойды.
ӨҚ-11 А тобы кураторы Тойлыбаева Ұ.О.