Азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Ар- намысым, қасіретім, мақтанышым- Желтоқсан!» атты кеш болып өтті. Кештің мақсаты: Тәуелсіздіктің биік шыңына жетелеген оқиғаларға толы тарих беттеріне шолу жасай отырып, қасіретті желтоқсан оқиғасында өз елін, туған жерін қорғау жолындағы жастардың ерен ерлігін насихаттау арқылы бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Елін, жерін, тілін, өз Отанын сүйетін адал азаматтарды тәрбиелеу.
Кештің бірінші тарихи бөлімінде 1986 жылғы қазақ халқының басынан өткен, дүниені дүр сілкіндірген қасіретті желтоқсан оқиғасы туралы, бұл оқиғада жазықсыз құрбан болған, өмірлері жауқазындай жаңа бүршік атып келе жатқан қазақтың ұл- қыздарының үзілген тағдыры жайлы айтылып, көріністер қойылып, ән шырқалды. Әр көрініс мазмұны бізге сол тарихи оқиғаны өз көзімізбен көргендей әсер қалдырды. І курс оқушысы Маман Бауыржанның орындаған Мейрамбек Беспаев ағамыздың «Жаратқан бақыт» толғауы көрермендерді тебірентті. Кештің екінші кезеңі «егемендік» сөзінің мағынасын ашатын әңгіме- көріністен басталды. Бұл әңгіменің болашақ жастар үшін берер тәрбиелік мәні зор екені сөзсіз. Тәуелсіздіктің бізе оңайлықпен келмей, зор еңбек пен қажырлықтың, бірлік пен ынтымақтың арқасында келгені туралы оқушылар ән- шашу орындады. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ елінің қол жеткізген жетістіктері туралы оқушылар зор мақтанышпен жырлап, көк байрағы желбіреген егеменді Қазақстанның тірегі де, болашағы да өздері екенін үлкен сеніммен, мақтанышпен жырға қосты. Кеш оқушылардың бірлесе отырып орындаған Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Атамекен» әнін орындаумен ұйымдасқан түрде аяқталды. Кешке шақырылған қонақтар «Көкше» Академиясының Вице Президенті Қасымова Гүлнәр Сейтенқызы, «Көкше» Академиясының әкімшілік және экономикалық қызмет проректоры Қасымова Жаннет Жанатқызы кештің қазіргі жастар үшін жан тебірентер әсерлі, мәнді және маңыздылығын атап өтті. Кештің өту барысы салтанатты мереке мағынасына қарағанда тарихты еске алу, жүректі тебіренту мағынасына баса назар аударылғандығын сөз етті.
Есентурова Б.С.