2019 жылдың 7-8 ақпан Көкшетау қаласында Республикалық «Қолданбалы бакалавриатты енгізу: мәселелері мен шешу жолдары» атты семинар өтті.
Семинарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің, «Өрлеу» БАИ, облыстың жоғары оқу орындарының, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының өкілдері шақырылды.
Семинардың негізгі мақсаты - техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі ұйымдарында қолданбалы бакалавриатты енгізу бойынша тәжірибе алмасу, оны енгізу кезіндегі мәселелерді анықтап, шешу жолдарын тауып, оқу-әдістемелік кешендердің бірыңғай формасы бойынша ортақ ұсыныс жасау.
Республикалық семинарда техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі ұйымдарында қолданбалы бакалавриатты енгізудегі алғашқы нәтижелерін талқылау мақсатында 46 жоғары колледждердің инженерлік-педагогикалық қызметкерлері бас қосты.
Пленарлық отырыс 7 ақпан күні Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театырында өтті.
Қолданбалы бакалавриатты енгізудегі басты жетістік еңбек нарығында бәсекелестік ортаны туғызу болып табылады. Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың айтуынша, қолданбалы бакалавриат кейін Жоғары оқу орнында екі жылдық бағдарлама бойынша білім алуға мүмкіндік береді. «Бүгінгі таңда аймақ бойынша 33 колледж жұмыс жасайды, оның 26 - сы мемлекеттік. Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжі жеке меншік колледждер ішінде аталған бағыт бойынша жұмыс жасап жатқан жалғыз колледж» - деп баса айтты Т.Жүнісов.
Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің президенті Ш.Қасым, қазіргі кезде «Өрт қауіпсіздігі» және «Төтенше жағдайларда қорғау» мамандықтары бойынша бағдарламалардың әзірленіп жатқандығын тілге тиек етті.
«Қолданбалы бакалавриатты енгізуде, біз Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетпен және Көкшетау техникалық институтымен серіктес ретінде тығыз байланыс жасаймыз. Одан қалды біз жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарымен колледж оқытушылары мен студенттерінің біліктілігін және академиялық мобильдікті көтеру аясында серіктестік қарым-қатынас орнату бойынша келіссөздер өткізіп жатырмыз», - деп айтып кетті Ш.Қасым.
Семинардың пленарлық отырысынан кейін, Республиканың түкпір-түкпірінен келген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжіне келіп, материалдық базасымен ғимараттарын аралап, танысып қайтты.
Екінші күні семинар қатысушылары 4 секцияға бөілініп, «Кредиттік оқыту технологисы бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасын меңгеру кезінде эдвайзерлік жұмысты ұйымдастыру». Элективті пәндер каталогы және білім алушының жеке оқу жоспары», «ОЖЖ және қолданбалы бакалавриат бағдарламасын құрастыру», «Кредиттік оқыту технологиясы кезінде жұмысты ұйымдастыру үшін силлабус құрастыру» мәселелерін талқылады.
Семинар қатысушылары нормативтік құжаттарды қарастырып, оқу-әдістемелік кешен бойынша бірыңғай ұсыныс дайындап, екі күндік семинардың қорытындысын жасады.